Мазмұнға өту

Ұлытау облысында жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады

«Отбасы банк» АҚ пен Ұлытау облысының әкімдігі өңір тұрғындарының баспана мәселесін шешу үшін ынтымақтастықты кеңейтеді. Бүгін облыс әкімі Есет Байкен мен «Отбасы банк» басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова кездесіп, 2027–2029 жылдарға арналған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Admin User
22 қазан 2026
Ұлытау облысында жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады

Келісім аясында тұрғын үй бағдарламаларын қаржыландыруға жыл сайын 3 млрд теңге бағыттау жоспарланып отыр. Оның 2,5 млрд теңгесін «Отбасы банк», 500 млн теңгесін облыс әкімдігі бөледі. Бұл қаражат тұрғындарға қолжетімді шарттармен несие беруге жұмсалады. Бағдарлама аясында бастапқы жарнасы 10%-дан басталатын, жылдық 5% мөлшерлемемен (ЖТСМ 5,2%-дан 5,3%-ға дейін) баспана алу мүмкіндігі қарастырылған.

Облыс әкімі Есет Байкеннің айтуынша, банкпен бірлескен жұмыс тұрғын үй қорын жаңартуға және өңір тұрғындарының баспанаға қол жеткізу мүмкіндігін арттыруға жол ашады.

«Ләззат Еркенқызы Ибрагимованың тікелей қолдауының арқасында банкпен бірлескен жұмысты жаңа деңгейге көтеріп, өңір тұрғындары үшін қосымша мүмкіндіктер ашуды көздеп отырмыз. Екіжақты келісім аясында “Ұлытау баспана” өңірлік бағдарламасын іске қосуды жоспарлап отырмыз.

Бағдарламаның негізгі мақсаты – тұрғын үй қорын жаңарту және баспана кезегін қысқарту. Оның ерекшелігі – бағдарламаға ірі және орта бизнес өкілдері де қосылып, өз қызметкерлерінің тұрғын үй жағдайын жақсартуға үлес қоса алады. Алғашқы әлеуетті серіктестер оны іске асыруға дайын екенін білдірді.

Біз үшін еңбек адамдарына, әлеуметтік сала қызметкерлеріне және өндіріс мамандарына баспана алуға мүмкіндік беру маңызды. Адамдардың туған жерінде тұрақтап, еңбек етіп, отбасын құрып, болашағын Ұлытаумен байланыстыруына жағдай жасауымыз керек», – деді облыс әкімі.

Ұлытау облысында тұрғындарды баспанамен қамту бағытындағы бірлескен бағдарламалар бұған дейін де жүзеге асырылып келеді. Үш жыл ішінде «Ұлытау жастары» бағдарламасы бойынша өңірдің 137 жас тұрғыны баспаналы болды. Ал 2025 жылы іске қосылған «Сәтбаев жұмыскер» бағдарламасы арқылы Сәтбаев қаласының 15 тұрғыны өз үйіне қол жеткізді.

Аталған бағдарламаларды қаржыландырудың жалпы көлемі 2,6 млрд теңгені құрады. Оның 925 млн теңгесін «Отбасы банк», 1,7 млрд теңгесін облыс әкімдігі бөлді.

Сонымен қатар, банктің қолдауымен Ұлытау облысында тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрған 429 адам баспаналы болды.

Олардың қатарында Төлеген Өтегенов те бар. Ол 2017 жылдан бері баспана кезегінде тұрған. II топтағы мүгедектігі бар азамат үш баласын жалғыз тәрбиелеп отыр. Биыл оған Сәтбаев қаласынан жалдамалы пәтер берілді. Енді балаларының жеке бөлмелері бар, ал әкесі ертеңгі күнге сеніммен қарай алады.

Көптен күткен қоныс тойын атап өткендердің бірі – Кәмшат Оразбаева. Ол 2011 жылдан бері баспана кезегінде тұрған. Балаларын жалғыз тәрбиелеп отырған ана осы уақытқа дейін жалдамалы пәтерлерде тұрып келген. Биыл оның көптен күткен арманы орындалып, өз үйіне қол жеткізді.

«Әлі күнге дейін сенер емеспін! Біз бұл күнді 15 жыл күттік. Арманымыздың орындалуына көмектескен “Отбасы банкке” шын жүректен алғыс айтамын! Бұл біз үшін жай ғана пәтер емес, балаларымның болашағына деген сенім және жаңа өмірдің бастауы. Мұндай бақытты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес», – деп қуанышымен бөлісті Кәмшат Оразбаева.

Бүгін Жезқазған және Сәтбаев қалаларының тұрғындары да жаңа баспаналарына ие болды. Облыс әкімі Есет Байкен мен «Отбасы банк» басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова отбасыларды қуанышты оқиғамен құттықтап, жаңа үйлеріне береке, жайлылық пен бақыт тіледі.

Жаңа өңірлік бағдарламаны іске қосу тұрғын үй қорын жаңартуға, баспана кезегін азайтуға және еңбек адамдарының тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды қадам болмақ.

Бөлісу